Құқық

Медиацияның тиімділігі мол

 

 

Жаңа Азаматтық процестік Кодексте татуластыру рәсімдерін сот тәжірибесінде тиімді қолданудың жан-жақты тетіктері жасалған. Құжат қолданысқа енгізілген сәттен бастап оның насихат жұмыстарына айрықша мән берілді. Республикадағы сот ұжымдары медиация кабинеттерінің ашылуына ұйытқы болып, медиаторлардың белсенділігін көтеруге, судья-медиаторлар жұмысымен таныстыруға, партисипативтік тәсілдің ерекшелігін түсіндіруге барынша тырысып, кешенді жұмыстар жүргізіп жатыр.

Көпшілік ынтымақтаса атсалысып жатқан маңызды шарадан Ырғыз аудандық соты да шет қалған жоқ. Таяуда жергілікті медиаторлардың, ішкі істер қызметкерлерінің, адвокаттардың қатысуымен дөңгелек үстел ұйымдастырылып, онда дауды бітіммен аяқтауға қатысты мәселелер көпшілік талқысына салынды.

Қоғамда түрлі таластардың туындап жататыны белгілі. Бірақ, соның барлығын сот арқылы шешу міндетті емес.

Татуластыру рәсімдерін қолдану азаматтар үшін де, сот үшін де тиімді. Сотқа тиімді болатыны — бітімгершілікпен бітетін істер азаматтық істер санын азайтады. Сол арқылы судьялардың жүктемесі кеміп, басқа істерге көбірек көңіл бөлуге, бос уақытында ізденуіне жол ашылады. Сонымен қатар, тараптарды татуластыру азаматтар арасындағы сыйластықты сақтауға да ықпалды. Болмашы нәрсе үшін жақыныңды жатқа айналдыру, көршіңді қас жау ету кімге керек?

Міне, сотқа арыз жазбас бұрын, жұртшылық осыған мән беруі керек. Мүмкіндік болса араағайынның көмегіне, ақсақалдар алқасының талқысына салсын. Болмаса медиаторларға, судья-медиаторларға жүгінсін. Қалай болғанда да кез келген адам өз дауының ауыр салдарсыз, ұрыс-керіссіз, бітіммен шешілуіне мүдделілік танытқаны жөн.

Ырғыз аудандық сотында 2015 жылы 6 қылмыстық іс қаралса, 2016 жылы 14 қылмыстық, 17 азаматтық іс медиация тәртібімен қысқартылып, оның ішінде 1 азаматтық іс партисипативтік тәртіпте қаралды. Әрине, бұл көрсеткішпен көңіл толтыруға болмайды. Дегенмен, қазіргі насихат жұмыстарының жақсы жолға қойылуы, азаматтардың дауды ортақ келісіммен аяқтағанда салықтың қайтарылып берілетінінен хабардар болуы жақын уақытта медиацияның көмегімен шешімін табатын істердің санын өсіреді деген ойдамыз.

Ырғыз аудандық соты қалыптасқан оң үрдісті алдағы уақытта да жалғастырып, медиацияны одан әрі дамыту бағытында аудан тұрғындарына татуласу рәсімдері мен медиация туралы, оның ішінде медиация мен партисипативтік келісімдерін насихаттау және дауды сотқа дейін татуласу арқылы шешудің тиімділігі туралы түсіндірме жұмыстарын кеңінен жүргізетін болады.

 Асқар БИСЕНҒАЛИ,

Ырғыз аудандық сотының төрағасы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button